
Әділет және цифрландыру министрліктері бірлесіп "Цифрлық ипотека" жобасы аясында екінші деңгейлі тұрғын үйді сатып алу-сату нотариалдық мәмілелерін онлайн форматта рәсімдеуді іске қосты, деп хабарлайды LS.
Жобаға сатушылар мен сатып алушылардың қатарында банктер мен нотариустар да қатысады. Енді пәтерді сатып алу және ипотекалық несие рәсімдеу барлық кезеңде толық онлайн жүргізіледі.
Процесті жүзеге асырудың арнайы алгоритмі бекітілді.
Осы жүйеге сәйкес, қазақстандықтар банктің веб-сайты, онлайн-платформасы немесе мобильді қосымшасы арқылы ипотекалық несиеге өтініш бере алады. Жүйе автоматты түрде ай сайынғы төлемнің алдын ала мөлшерін есептейді. Өтініш қаралып, тексерулер жүргізілген соң сатып алушыға ипотекалық несие бойынша алдын ала шарттар ұсынылады.
Сатып алушы өзіне қажет жылжымайтын мүліктің және сатушының деректерін енгізеді.
Сатушы тексеріліп, жылжымайтын мүліктің нарықтық бағасы анықталған соң материалдар тәуелсіз бағалауға жіберіледі. Егер оң шешім қабылданса, банк соңғы мақұлдауды береді де, сатып алу-сату шарты рәсімделеді.
Онлайн рәсімдеу кезінде нотариус бейнебайланыс арқылы қосылып, тараптар қол қойған шартты растайды, оны реестрге енгізеді және жылжымайтын мүлік құқығын электронды тіркеуге өтініш береді. Кейін банк клиентпен онлайн форматта ипотекалық келісімшарт жасайды.
Мәміле жазбалары банк немесе платформа жүйесінде тіркелген күннен бастап 15 жыл бойы сақталады. Пилоттық жоба 22 қыркүйектен бастап 12 айға жүргізілетін болады.