Get In Touch

Қазақстанда алтын мен сирек жер металдарының жаңа кен орындары анықталды

Қазақстанда алтын мен сирек жер металдарының жаңа кен орындары анықталды

Индустрия министрлігі LS-ке елімізде түсті, сирек және сирек жер металдарына перспективалы жаңа кен орындарының анықталғанын хабарлады.

Редакция сұрауына берілген ресми ақпаратқа сай, жаңа перспективалы учаскелер еліміздің төрт өңірінде анықталған.

Абай облысында бериллийдің болжамды қоры 3,2 мың тонна, иттрий – 1,1 мың тонна, ал ниобий – 0,2 мың тонна деп есептелген.

Шығыс Қазақстан облысында 20,6 мың тонна бериллий мен 600 тонна вольфрам қоры алдын ала бағаланып отыр.

Қарағанды облысында жүргізілген зерттеулер нәтижесінде 935,4 мың тонна лантаноид, 98,7 мың тонна мыс, 59,8 мың тонна иттрий, 33,48 мың тонна галлий және 7 мың тонна молибденнің алдын ала қоры есептелді.

Қостанай облысында да жаңа әлеуетті учаскелер анықталып, 17,5 мың тонна алтын мен 13,48 мың тонна мыс болжамды ресурс ретінде тіркелді.

Министрліктің хабарлауынша, бұл учаскелер мемлекеттік геологиялық зерттеу бағдарламасы аясында табылған. 2024 жылы барлығы 11 учаскеде іздестіру жұмыстары жүргізілген.

"Өткен жылы Шығыс Қазақстандағы коллизиялық аймақ гранитоидтарының сирек металдар мен сирек жер элементтеріне бай болу әлеуетін бағалауға арналған жұмыстар да аяқталды", – делінген министрлік жауабында.

Сонымен бірге министрлік ниобий, цирконий және сирек жер металдары бойынша әлеуеті жоғары үш учаскенің айқындалғанын хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, жүргізілген болжамды бағалау бұл учаскелерде 500 мың тоннадан астам ниобий, 2 млн тонна цирконий, 947 мың тонна сирек жер металдары, сондай-ақ, 79,8 мың тонна молибден мен 399,1 мың тонна вольфрам болуы мүмкін екенін көрсетті.

Бұған дейін, индустрия және құрылыс вице-министрі Иран Шархан 2026 жылға қарай елдегі геологиялық барлау қамту аумағын 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын мәлімдеген. Қазіргі көрсеткіш – 2,1 млн шаршы шақырым.

Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде алғаш рет Көк-Жон, Алтын-Шоко, Самомбет, Студенттік және Тақыр-Қалжыр кен орындары мемлекеттік есепке алынды. Қордың жалпы өсімі 98 тонна алтынды, 36 мың тонна мысты, 11 млн тонна марганецті және 1,3 млн тоннадан астам фосфоритті құрады.

Share: