Get In Touch

СҚО-да бақташы жүзге жуық жылқыны сатып жіберген: Тұрғындар 37 млн теңге шығынға батты

СҚО-да бақташы жүзге жуық жылқыны сатып жіберген: Тұрғындар 37 млн теңге шығынға батты

Аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген азамат қамауда отыр.


Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл ауылының тұрғындары бақташыға сеніп тапсырған малын қайтара алмай отыр. Ер адам халықтың жүзге жуық сәйгүлігін сатып, бой тасалаған. Тұрғындардың шағымынан кейін полиция күдіктіні құрықтап, қамауға алды. Алайда малшы жылқыларды қайда жібергенін және кімге бергенін айтудан бас тартуда, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Мал шаруашылығымен күн көріп отырған Бескөл жұрты бір-ақ сәтте ірі көлемде шығынға ұшырады. Бастапқыда бақташы жұмысын адал атқарып, ешқандай күдік тудырмаған. Бірақ соңғы бір жылда ауылда жылқы жиі жоғала бастаған соң, тұрғындар полицияға жаппай арызданған. Күдікті кезінде «биелерді сауып, қымыз сатып пайда табамын, сол себепті қызмет ақысын төлемей-ақ қойыңыздар» деп жұртты қызықтырған көрінеді.

«Алты бас бие қосқанмын. Бие құлындайды ғой. Сүйіншісін беремін. Құлын туғанда он мыңнан беріп отырдым. Қазақтың ырымы ғой енді. Оның бәрін дәптерге жазып отырдым. Анау бие қосылды, мынау бие қосылды деп. Енді осы таңда отыз бас боп шықты ғой. Бәрі жоқ», – деді Бескөл ауылының тұрғыны Мейрам Сейілов.

Жалпы алғанда, бас-аяғы 95 жылқы ұшты-күйлі жоғалған. Ауыл ағайыны күдіктінің ақбоз аттарды сатып, пайда тапқанына сенімді. Алайда тұрғындар тергеу амалдарының созбалаңға салынғанына және мән-жайдың әлі де бұлыңғыр екеніне қынжылады.

«Қазіргі таңда 19 адам арыз жазған. Жазбаған, бізді бақылап отырған әлі қаншама адам бар. "Үйімді өртеп жібереді" деп арыз жазуға қорқып отырғандар да бар. Бастапқыда жылқы басын 500 мың теңгеден есептеп жазғанбыз. Енді қазіргі таңда жылқының бағасы 1 миллион теңге. Сонда мынау жалпы сома 59 миллион. Енді оны екіге көбейтсең 120 миллион болады», – деп мәлімдеді ауыл тұрғыны Жапар Төлеген.


Оқи отырыңыз: Әл-Фарабидегі қайғылы жол апаты: полицейге қатысты қылмыстық іс аяқталды


Прокуратура таратқан мәліметке сүйенсек, қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданған. Аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген азамат қамауда отыр.

«Қылмыстық іс ұрлыққа оқталу және алаяқтықты аса ірі мөлшерде жасау баптары бойынша тергеп-тексерілді. Қылмыстық істі тексеру барысында барлық дәлелдемелер өз орнын тапты. Сонымен қатар қазіргі таңда қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін Қызылжар аудандық сотына жіберілді», – деп нақтылады СҚО прокуратурасының басқарма прокуроры Оразгелді Мұзафар.

Аталған қылмыстық іс бойынша 20-дан астам ауыл тұрғыны жәбірленуші ретінде танылды. Оларға келтірілген ресми шығын көлемі 37 миллион теңгеге жеткен. Күдікті тергеу барысында өз кінәсін мойындамағандықтан, үйір жылқының нақты қайда кеткені енді сот отырысында анықталуы тиіс.

Share: