Get In Touch

Курчатов қаласында Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық үйі жаңа ғимаратта ашылды

Курчатов қаласында Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық үйі жаңа ғимаратта ашылды

Енді мекеме 500 тәрбиеленушіні қамти алады.

Нысанды жаңғырту жұмысы өткен жылдың желтоқсан айында аяқталған болатын.

Бұрын Шығармашылық үйі көп қабатты тұрғын үйде орналасып, тек 305 баланы қабылдай алатын. Жүргізілген жаңғыртудың нәтижесінде мекеме енді 500 тәрбиеленушіні қамтып, олардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетінің артуына мүмкіндік береді.

Жаңа ғимаратта робототехника, "Лего-кабинет", дизайн студиясы, хореография секілді түрлі бағыттар бойынша қолайлы жағдай жасалған.

Сондай-ақ балалар мұнда қыш жасау өнерімен айналысады. Барлық факультативтік сабақтар математикалық, логикалық, шығармашылық қабілеттерді дамытуға, сондай-ақ командада жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Ғимараттың салтанатты ашылу рәсімінде Абай облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев балаларды қолдау мен әлеуметтік саясат мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін ерекше атап өтті.

– Бұл жаңа ғимаратта балаларымыз өз мүмкіндіктерін толық жүзеге асыра алады. Жаңа ғимараттың ашылуы, сөзсіз, қуантарлық жағдай. Кез келген мемлекеттің міндеті – өскелең ұрпаққа лайықты болашақ қамтамасыз ету. Осы нысанның арқасында балалар түрлі бағытта дамуға мүмкіндік алады: робототехника, хореография, сурет өнері. Менің ойымша, бұл – Курчатовта ашылған соңғы нысан емес. Осы жерде болашақ көшбасшылар мен чемпиондар тәрбиеленетініне сенімдімін, – деді әкім орынбасары.

Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық үйінің жаңа ғимаратының ашылуы Курчатов қаласындағы қосымша білім беру жүйесін дамытудағы маңызды қадам. Бұл бастама жаңа буынның талантты және бастамашыл өкілдерін тәрбиелеуге, олардың өз әлеуетін ашуға және түрлі салаларда жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді.

Сурет: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Related